Алакөл ауданында кезекте тұрған 60 отбасы жаңа жылды жаңа пәтерлерде қарсы алды. Үшарал қаласында дәл Жаңа жыл мерекелері қарсаңында бес қабатты жалға берілетін тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Алмас Әбдинов тұрғындарды қоныс тойларымен және жаңа жылмен құттықтап, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі екенін, осыған орай өңірде қажетті шаралар қолға алынып жатқанын тілге тиек етті. . «Жыл басында 40 алакөлдік отбасы баспаналы болса, қазір тағы 60 отбасы қоныс тойын тойлауда. Бұл үлкен және қуанышты оқиға», — деп атап өтіп, кезекте тұрғандарға көптен күткен шаршы метрлердің кілтін табыс етті.
Айтпақшы, Алакөл ауданында барлығы 1646 адам баспана кезегінде тұрса, енді олардың саны 60 отбасыға азаяды.
Айта кету керек, 2022 жылдың қараша айында басталған құрылыс-монтаждау жұмыстарын мердігер – «Бағалы-Алакөл» ЖШС жүргізген. Бес қабатты ғимаратта бір және екі бөлмелі 15, үш бөлмелі 30 пәтер бар.
Фото дереккөзі: Алакөл ауданы әкімдігінің сайты