Қарағанды облысында 2023 жылы 542,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ләмбеков баяндады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы, коммерциялық мақсаттағы және жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлерге тұрақты мониторинг жүргізіледі. 2023 жылы ауыл шаруашылығы айналымына 409,5 мың гектар жоспардан 527,6 мың гектар тартылды. 2024 жылға тарту жоспары 352,6 мың га.
Өткен жылы қала және аудан әкімдіктері 127 аукцион өткізді. 385,796 млн теңгеге 90,3 га 198 жер учаскесі сатылды. Биыл 64,7 гектар жер учаскелеріне 70-ке жуық аукцион өткізу жоспарлануда. Жеке тұрғын үй құрылысына 180 жер телімі берілді.
Елді мекендерде жайылымның тапшылығы 750,9 мың гектарды құраса, оның 195,6 мың гектары асыл тұқымды мал өсіруге жетпейді. Қабылданған шаралар: ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 107,8 мың га алқапқа бірлесіп пайдалану туралы меморандумдар жасалды. 11,6 мың гектар аумақта мал жайылымдары ұйымдастырылды. Тағы 63,4 мың гектар жер ауылдық округтерге уақытша тегін пайдалануға берілді.
«Жайлау» пилоттық жобасы Бұқар жырау және Осакаров аудандарында жүзеге асырылды. Шаруашылық жайылымдары бөлінген және қоймасы бар қорамен, екі адамға арналған тұрғын жылжымалы вагондармен, генератормен, суару үшін құдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Ақтау ауылының тұрғындарын жайылымдық жермен қамтамасыз ету үшін Бұқар жырау ауданындағы 750 гектар жайылымдық жерлерді бірлесіп пайдалану туралы меморандумдар жасалды.
Пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2023 жылы 542,9 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Шаруаларға қатысты тексерулер жүргізілді. 60,1 мың гектар жерде жерді пайдаланбау бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды. 2024 жылға бекітілген қайтарым жоспары 165 мың гектарды құрайды.
Дереккөз: kn.kz